8-сыныпта зар заман поэзиясын оқытуда генеративті ЖИ қолдану: пилоттық эксперимент

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.47344/1774cn45

Кілт сөздер:

генеративті ЖИ, Зар заман поэзиясы, сыни ойлау, академиялық тәуелділік, цифрлық дидактика

Аңдатпа

Мақалада қазақ әдебиетінің мектеп бағдарламасындағы ең күрделі бөлімдерінің бірі – Зар заман поэзиясын (Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы) 8-сынып оқушыларына оқытуда генеративті жасанды интеллекттің (ChatGPT GPT-4o) мүмкіндіктері мен тәуекелдері зерттелген. Зерттеудің мақсаты – ЖИ-ді ұлттық әдебиет сабағында қолданудың дидактикалық тиімділігін және ықтимал қауіптерін эмпирикалық тұрғыдан бағалау. Алматы қаласындағы орта мектепте 6 апта бойы (12 сабақ) квазиэксперименттік дизайндағы пилоттық зерттеу жүргізілді. Эксперименттік топта (n=27) дәстүрлі оқытуға ChatGPT элементі кіріктірілсе, бақылау тобы (n=25) тек дәстүрлі әдістемемен оқытылды. Оқушылардың білім сапасы 6 критерийді қамтитын 10 балдық авторлық рубрикамен бағаланды. Статистикалық талдау Манн-Уитни U-критерийі арқылы жүзеге асырылды. Нәтижелер эксперименттік топта «тарихи контекстті түсіну» (+39 %) және «салыстырмалы талдау» (+48 %) дағдылары бойынша статистикалық маңызды өсім (p < 0,01) бар екенін көрсетті. Дегенмен, «дербес пікір» критерийі бойынша айтарлықтай айырмашылық байқалмады (p > 0,05), бұл халықаралық ғылымдағы «академиялық тәуелділік» (academic dependency) мәселесімен үйлеседі. Сонымен қатар, зерттеу барысында ЖИ-дің ұлттық-тарихи және мәдени кодтарды түсінбеуіне байланысты галлюцинация (конфабуляция) жағдайлары анықталды. Қорытындылай келе, генеративті ЖИ тиімді қосымша құрал бола алады, бірақ ол үшін мұғалімнің қатаң модерациясы және оқушылардың міндетті фактчекинг жасауы талап етіледі. Мақалада ЖИ-ге тәуелділікті азайту мақсатында нақты промпт үлгілері мен «алдымен өз пікірің – содан кейін ЖИ» стратегиясы ұсынылған.

Жүктеулер

Жарияланды

2026-09-30

Журналдың саны

Бөлім

Статьи