Сөз мәдениетін оқыту: ортологиялық талдау
DOI:
https://doi.org/10.47344/5ns0pn89Кілт сөздер:
сөз мәдениеті, нормативтік аспект, коммуникативтік аспект, этикалық аспект, оқыту, әдістеме, ортология, ортологиялық талдауАңдатпа
Мақала сөз мәдениетін оқыту мәселесіне арналады. Сөз мәдениеті ғылыми-әдістемелік жағынан қарастырылып, оны оқытуда ортологиялық талдау негізге алынады. Өзгермелі заманда түрлі факторлардың әсерінен болашақ тіл мамандарына әдеби тілді меңгертіп, сөз мәдениетін дамыту өзекті мәселеге айналып отыр. Сөз мәдениетін оқыту кезінде әдеби тілге сай тілдік бірліктерді қолдану, тілдік қарым-қатынастың сапалы, нәтижелі және оның этикаға сай болуы маңызды. Сондықтан мақалада сөз мәдениетінің аспектілері, теориялық негіздері талданып, оны ортологиялық талдау арқылы оқытудың ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеу барысында сөз мәдениетінің нормативтік, коммуникативтік, этикалық аспектілері талданып, олар біртұтас жүйе ретінде қарастырылды. Алғашқысы тілдік бірліктерді дұрыс қолданып, әдеби тіл нормасын сақтап және оны сөйлеу кезінде пайдалану болса, кейінгісі коммуникативтік аспект тілдік бірліктерді, оның құралдарын нақты жағдайға сай тиімді, мақсатты пайдалануды қамтиды. Ал сөйлеу кезіндегі адамгершілік, сыпайылық, әдептілік, тілдік этикет нормалары болса сөз мәдениетінің этикалық аспектісінде қарастырылады. Зерттеу жұмысында осы аталған үш аспектінің өзегі норма екені айтылады. Ол сөз мәдениетінің барлық салаларын біріктіретін негізгі категория ретінде сипатталып, тілдік ортадағы орны айқын көрсетілді. Сонымен қатар, нормаларды зерттейтін ғылым «ортология» туралы айтылып, оның мәні мен табиғаты түсіндіріледі. Мақалада оның норма ұғымымен байланысты екені және сөз мәдениетінің аспектілеріндегі норма түрлерімен бірлікте зерттеу қажеттігі сөз болады. Мақалада сөз мәдениетінің негізі ортологиялық білімдер арқылы жүйеленгеннен кейін, оны оқыту барысындағы әрекеттер мен қағидалар түсіндірілді. Сондай-ақ, сөз мәдениетін оқытуда ортологиялық талдау ұсынылады және талдаудың кезеңдері жүйеленіп, қадамдары көрсетіледі. Квазиэксперимент нәтижесінде қорытынды диагностикалық кезеңде эксперименттік және бақылау топтарының деңгейлік үлестірімдері арасында статистикалық мәнді айырмашылық анықталды (p < 0,001; Крамердің V = 0,505). Алынған нәтижелер ортологиялық талдауды жүйелі қолданудың білімгерлердің тілдік ауытқуларды анықтау, сипаттау, нормативтік дереккөздер арқылы тексеру, түзету және болжам жасау дағдыларын қалыптастыруға оң ықпал ету мүмкіндігін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері ортологиялық талдауды сөз мәдениетін оқытуда теория мен практиканы ұштастыратын перспективалы әдіс ретінде қарастыруға негіз береді.