Жариялау этикасы
- «SDU University хабаршысы: педагогика және оқыту әдістемесі» ғылыми журналы зерттеулерді жүргізу және жариялау барысында жоғары этикалық стандарттарды ұстанады. Ғылыми этика саясаты зерттеулердегі этикалық тәртіпті анықтайтын жалпы принциптерді орнатуға бағытталған. Авторлар университеттің Ғылыми этика саясатын оқып, жұмысының барлық кезеңдерінде дұрыс этикалық тәртіпті сақтау үшін ережелер мен қағидаларға сай әрекет етуі тиіс.
- Зерттеулерін жариялау кезінде авторлар және барлық басқа мүдделі тараптар COPE (Жариялау этикасы комитеті) ұсынған нұсқаулықтарды сақтау керек.
- «SDU University хабаршысы: педагогика және оқыту әдістемесі» редакциялық алқасы қандай мақалаларды жариялау қажеттігі туралы шешімдері үшін жауапты болады. Бұл шешімдер тек ұсынылған материалдардың интеллектуалдық мазмұнына негізделеді. Редакторлар заңды нормаларды бұзатын материалдарды (жала жабу, авторлық құқықтарды бұзу немесе плагиат) қабылдамауға құқылы. Сонымен қатар, олар жариялауға дейін ұсынылған қолжазбалардың құпиялығын сақтауға міндетті.
- Рецензияланатын мақалаларды жариялау ғылыми әдісті танытуда және авторлар мен оларды қолдаушы ұйымдардың жұмыс сапасын көрсету үшін маңызды рөл атқарады. Рецензияланған жарияланымдар ғылыми әдісті көрсетеді, сол себепті жариялау процесіне қатысатын барлық тұлғалар үшін этикалық стандарттарды сақтау өте маңызды: авторлар, редакторлар, рецензенттер, баспагерлер және қоғам.
- Ұсынылған қолжазбалар бұрын жарияланбауы және басқа журналда қарастырылып жатпауы тиіс. Журнал басқа тілдерде жарияланған жұмыстарды қабылдамайды.
- Авторлар өздерінің мекемелері, ұйымдары немесе үкіметтері тарапынан белгіленген этикалық келісімдер мен барлық талаптарды орындауға жауапты. Қажет болған жағдайда, рецензенттер авторлардан институционалдық этикалық келісім сұрауға құқылы.
Авторлардың міндеттері
Ғылыми қолжазбалардың авторлары өз зерттеулерін нақты сипаттап, оның маңыздылығын әділ бағалауға міндетті. Маңызды деректер қолжазбада нақты әрі анық көрсетілуі тиіс. Құжатта басқа зерттеушілерге зерттеуді қайталауға мүмкіндік беретін жеткілікті мәліметтер мен сілтемелер қамтылуы қажет.
Жалған немесе әдейі жаңылыстыратын мәлімдемелер ғылыми этикаға қайшы келетін әрекет болып саналады және оған мүлдем жол берілмейді.
Түпнұсқалық және плагиат
«SDU University хабаршысы: педагогика және оқыту әдістемесі» академиялық адалдық пен жарияланымдардың этикалық стандарттарына ерекше мән береді. Авторлар өз еңбектерінің түпнұсқалығын қамтамасыз етіп, басқа авторлардың пайдаланылған еңбектері мен сөздерін дұрыс дәйектеуге міндетті. Плагиат ғылыми этикаға қайшы әрекет болып саналғандықтан оның кез келген түріне қатаң тыйым салынады. Бұл басқа авторлардың еңбектерінің елеулі бөліктерін тиісті авторлық сілтемесіз көшіру немесе қайта баяндау, сондай-ақ басқа зерттеушілер жүргізген зерттеу нәтижелерін иемденуді қамтиды.
Түпнұсқалық пен адалдықты сақтау мақсатында журнал плагиатты анықтауға арналған заманауи Turnitin құралын енгізді. Turnitin жүйесін қолдану журналдың академиялық сенімділікке деген жоғары стандарттарды сақтауға ұмтылысын көрсетеді. Барлық ұсынылған материалдар Turnitin арқылы плагиатқа тексеріліп, кем дегенде 80% түпнұсқалық деңгейі талап етіледі. Бұл үдеріс плагиаттың кездейсоқ немесе әдейі жасалуын анықтауға және алдын алуға бағытталған, осылайша түпнұсқалық пен сенімді зерттеулерді таратуға ықпал ететін ғылыми орта қалыптастырады.
Turnitin жүйесін қолдана отырып, «SDU University хабаршысы: педагогика және оқыту әдістемесі» журналы жарияланатын барлық материалдардың шынайылық қағидаларына сай болуын және этикалық әрі сенімді ғылыми пікірталастардың дамуына үлес қосуын қамтамасыз етеді.
Дереккөздерді дәйектеу және зерттеудегі құпиялылық
Авторлар өз зерттеулерінt елеулі ықпал еткен барлық дереккөздерді дәл дәйексөз келтіре отырып, басқа зерттеушілердің үлесін тиісті түрде дәйектеуге міндетті. Жеке қарым-қатынастар барысында алынған ақпарат, мысалы, әңгімелесу немесе хат алмасу арқылы алынған мәліметтер, тек бастапқы дереккөздің жазбаша келісімі болған жағдайда ғана қолданылуы немесе берілуі мүмкін. Сол сияқты, құпия процестер барысында алынған ақпарат, соның ішінде қолжазбаларға немесе гранттық өтінімдерге рецензиялау, тиісті авторлардың немесе ұйымдардың нақты жазбаша рұқсатынсыз пайдаланылмауы тиіс.
Мақаланың авторлық құқығы
Авторлық құқық зерттеу тұжырымдамасын әзірлеуге, зерттеуді жүргізуге, деректерді талдауға немесе алынған нәтижелерді түсіндіруге елеулі үлес қосқан тұлғалармен шектелуі тиіс. Зерттеуге айтарлықтай үлес қосқан барлық адамдар бірлескен автор ретінде көрсетілуі қажет. Ал маңызды, бірақ салыстырмалы түрде аз үлес қосқан тұлғалар алғыс сөздер бөлімінде мойындалуы немесе аталып өтілуі тиіс.
Бірлескен авторлықтың дұрыс көрсетілуіне жауапкершілік жетекші авторға жүктеледі. Ол авторлық критерийлеріне сай келетін барлық тұлғалардың тізімге енгізілгеніне және зерттеуге қатысы жоқ тұлғалардың шығарылғанына көз жеткізуі керек. Қолжазбаның соңғы нұсқасы редакцияға жіберілмес бұрын барлық бірлескен авторлармен келісіліп, мақұлдануы қажет.
Тәуекелдер мен зерттеу субъектілері: адамдар мен жануарлар
Химиялық заттарды, процестерді немесе құрал-жабдықтарды пайдаланғанда, олармен байланысты әлеуетті тәуекелдер болса, автор осы тәуекелдерді қолжазба мәтінінде анық көрсетуі тиіс. Егер зерттеу жануарларды немесе адамдарды зерттеу объектісі ретінде қолдануды қамтыса, қолжазбада барлық процедуралардың қолданыстағы заңдар мен институционалдық ұсыныстарға сәйкес екендігін растайтын мәлімдеме және тиісті институционалдық комитеттердің мақұлдауы алынғаны туралы ақпарат болуы керек. Авторлар сондай-ақ адамдардың қатысуымен жүргізілетін кез келген тәжірибелер үшін ақпараттандырылған келісім алғандығы туралы мәлімдеме қосуы тиіс. Жеке тұлғаның құпиялылық құқықтары әрдайым сақталуы қажет.
Ақпараттың ашықтығы және мүдделердің қайшылығы
Авторлар өздерінің зерттеулерінің нәтижелеріне немесе деректеріне түсінік берулеріне әсер етуі мүмкін кез келген қаржылық немесе өзге де маңызды мүдделер келіспеушілігіі туралы ақпаратты өз қолжазбаларында ашық көрсетуге міндетті. Сонымен қатар, олар жобаны қаржылай қолдаған барлық көздерді көрсетуі тиіс.
Жарияланбаған қолжазбаны редактор автордың жазбаша рұқсатынсыз өз зерттеулері үшін пайдалана алмайды. Рецензиялау процесінде алынған кез келген құпия ақпарат немесе идеялар құпия болып қалуы және жеке мақсаттарда қолданылмауы тиіс. Егер редактордың авторлардың біреуімен, компаниялармен немесе қолжазбаға байланысты мекемелермен бәсекелестік, ынтымақтастық немесе басқа қатынастары салдарынан мүдделер қайшылығы болса, ол қолжазбаны өңдеуден бас тартуы және бұл міндетті редакциялық алқаның басқа мүшесіне тапсыруы қажет. Редакторлар барлық авторлардан кез келген маңызды мүдделер қайшылығын ашуды талап етіп, жарияланғаннан кейін мұндай мүдделер белгілі болған жағдайда түзетулер енгізуге міндетті. Қажет болған жағдайда, қосымша шаралар қабылдануы мүмкін, мысалы, мақаланы қайтарып алу немесе мәселені қайта қарау.
Бұл бөлім Elsevier (https://www.elsevier.com/) және Жарияланымдық этика комитеті (COPE) (https://publicationethics.org/) ұсынған материалдар негізінде жасалған.
Жарияланған зерттеудегі маңызды қателерді түзету
Егер автор өз жарияланған жұмысында маңызды қате немесе дәлсіздік анықтаса, ол журналдың редакторын немесе баспагерді дереу хабардар етіп, мақаланы қайтарып алу немесе түзету үшін олармен бірге жұмыс жасауы тиіс. Егер үшінші тарап жарияланған жұмыстағы елеулі қате туралы редакторға немесе баспагерге хабар берсе, автор мақаланы жылдам түзетуі немесе қайтарып алуы, не болмаса жұмыстың дұрыстығын растайтын дәлелдер ұсынуы қажет.
Редакциялық міндеттер
Бұл ұсынымдар журнал редакторлары үшін COPE (Жарияланымдық этика комитеті) әзірлеген қазіргі үздік тәжірибелерге негізделген.
Редакциялық шешімдерді жариялау
Журналдың бас редакторы қай мақалалардың жарияланатынын анықтауға жауапты. Қолжазбаларды қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімдер зерттеу қауымдастығы мен оқырмандар үшін олардың маңыздылығына негізделуі керек. Редактор журналдың редакциялық саясатын ұстана отырып, жала жабуға, авторлық құқықты бұзуға және плагиатқа қатысты заңды нормаларды сақтауы тиіс.
Қолжазбаларды бағалауда әділдікті қамтамасыз ету
Редакторлар қолжазбаларды тек олардың ғылыми және зияткерлік сапасына негізделіп бағалауы тиіс. Барлық шешімдер авторлардың нәсіліне, жынысына, діни сенімдеріне, этникалық шығу тегіне, азаматтығына немесе саяси көзқарастарына қарамастан қабылдануы керек. Бұл әділдікті және барлық авторлар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.
Құпиялылық
Редакторлар мен редакциялық алқа мүшелері қолжазба туралы ақпаратты құпия сақтауға міндетті. Бұл ақпарат тек тиісті автормен, рецензенттермен, ықтимал рецензенттермен, басқа редакциялық кеңесшілермен және қажет болған жағдайда баспагермен бөлісілуі мүмкін.
Жасанды интеллект құралдары мен ChatGPT қолдану
“SDU University хабаршысы: педагогика және оқыту әдістемесі” журналының редакциялық алқасы қолжазба бөлімдерін жазу үшін генеративті ЖИ құралдарын қолдануды қолдамайды. ChatGPT сияқты құралдарды пайдаланатын авторларға Жарияланымдық этика комитеті (COPE) әзірлеген қағидаларды сақтау ұсынылады. Журнал COPE-ке ресми түрде кірмесе де, осы комитет ұсынған және мойындалған этикалық стандарттар мен үздік тәжірибелерді басшылыққа алады.
COPE нұсқаулықтарына сәйкес: Авторлар қолжазбаны жазу, мақаланың суреттері мен графикалық элементтерін жасау немесе деректерді жинау мен талдау барысында ЖИ құралдарын пайдаланған жағдайда, «Материалдар мен әдістер» (немесе ұқсас) бөлімінде қандай құралдар қолданылғанын және олар қалай пайдаланылғанын көрсетуі тиіс. Авторлар қолжазбаның мазмұнына, соның ішінде ЖИ көмегімен жасалған бөлімдерге толық жауапты. Авторлар генеративті ЖИ немесе көмекші ЖИ негізіндегі технологияларды қолжазбаның авторы немесе қосалқы авторы ретінде көрсетпеуі керек, өйткені авторлық жауапкершілік пен міндеттерді тек адамдар ғана орындай алады. Егер қолжазбада ChatGPT сияқты ЖИ құралдарын қолдану ашып көрсетілмесе, мұндай қолжазба қабылданбауы мүмкін.
Қолжазбаны бірінші рет тапсырған кезде, ЖИ технологиялары қолданылған жағдайда, жұмыс соңында арнайы мәлімдеме қосылуы тиіс. Бұл мәлімдеме жарияланған мақалада әдебиеттер тізімінен бұрын көрсетіледі. Мәлімдеме үлгісі:
Жаңа бөлімнің атауы: Генеративті ЖИ және ЖИ көмекші құралдарын пайдалану туралы декларация.
Декларация мәтіні:
«Осы жұмысты дайындау барысында автор(лар) [ҚҰРАЛ/ҚЫЗМЕТ АТАУЫ] құралын [СЕБЕБІ] үшін пайдаланды. Құрал/қызмет қолданылғаннан кейін автор(лар) мазмұнды тексеріп, қажет болған жағдайда өңдеді және жарияланған мақаланың мазмұны үшін толық жауапты».
Бұл декларация грамматиканы, орфографияны және сілтемелерді тексеруге арналған негізгі құралдарды пайдалануға қолданылмайды. Егер авторларда мәлімдеме жасайтын жағдай болмаса, декларацияны қосу талап етілмейді.